ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
"ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ОРТАЛЫҒЫ"

республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны

Нұр-Сұлтан қ., Майлин көшесі, vip қалашық, 3 ғимарат
+7 (7172) 73-48-10
nnpcfk2020@yandex.kz

Дене шынықтыру сабағын қашықтан оқыту бойынша дайындық жұмыстары жөнінде онлайн конференция өтті



Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы дене шынықтыру сабағын қашықтан оқыту бойынша дайындық жұмыстары жөнінде онлайн конференция өткізді. Жиынға Орталық басшысы мен қызметкерлері, барлық аймақтағы дене тәрбиесі орталықтарының басшылары мен әдіскерлері, дене шынықтыру пәні мұғалімдері қатысты. "Қашықтан оқыту режимінде дене шынықтыру сабағын өз дәрежесінде әрі балаларға ыңғайлы, қызықты форматта ұйымдастырудың маңыздылығы артып отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мен қазақстандық ұйым өкілдерінің зерттеулері жасөспірімдер арасында 20% семіздік, 37% зиянды әдеттерге (темекі, ішімдік) бейімділік анықталған. Қазіргі әлемді жайлаған кеселдің және ұрпақтың денсаулығын жақсартудың бірден бір шешімі - спорт. Сол себепті карантин кезінде үйінде дене белсенділігін арттыру, балалардың дене шынықтыру пәні жаттығуларын толығымен орындауы, ұстаздардың кәсіби шеберлікпен сабақты ұйымдастыруы - басты мәселе. Мұғалім мен шәкірттер осыған бейімделу керек",- деп бастады жиынды ашқан ҰҒПДТО бас директоры Тастанбек Құтжанұлы. "Дене шынықтыру пәнін қашықтан оқыту бойынша әдістемелік нұсқаулық әзірленуде. Нұсқаулықтың жобасы аймақтардағы мұғалімдерге таратылып, қосымша ұсыныстарын қарастырып отырмыз. Сабақты қашықтан өткізу мәселесі - арнайы бағдарламаға негізделетін педагогикалық күрделі процесс. Мұғалімдердің құзіреттілігі мен әдістемелік шеберлігіне көп нәрсе байланысты. Жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктерін ескеріп, сабақтар арасындағы сабақтастықты ойластырып, дағдыларды меңгертуге, оқушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударылуы тиіс. Үй жағдайында орындауға кешенді жаттығулар үлгісі ұсынылса, балаларға қызық болады әрі тапсырма орындалады деп ойлаймын",-деді ҰҒПДТО әдіскері М.Тұяқбаева. "Біздің басты мәселеміз - оқушыға тақырыпты меңгерту, түсіндіру. Білім ордаларында тәжірибелі мамандармен қатар жас мұғалімдер де бар. Олар үшін де жаңа режимде сабақ беру жөнінде бағыт-бағдар жасап әдістемелік нұсқаулықты ұсыну маңызды деп есептеймін. Сондай-ақ, қашықтан оқыту мәселесінде ата-аналармен оңтайлы қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы зор. Осы ретте, балаларға ұсынылатын визуалды деректерді қайдан алуға болатыны туралы мамандар арасында тәжірибе алмасуларын сұраймын",-деді елордалық мұғалім Л.Сансызбайқызы. "Сабақтан босату жөнінде анықтамасы бар балаларды қамту және бағалау мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ол оқушылар ата-анасының рұқсат қағазымен сабаққа қатысады, теориялық білімін алып, мұғалімнің тапсырмаларын орындайды. Сол себепті "есептелінді" деп бағалаған жөн,-деді Алматы облысы №159 гимназияның әдіскері С.Әшірбекова. "Қашықтан оқыту режимінде 40 минуттық сабақты 20 минутқа ыңғайлау мәселесі де түйткілді болып отыр. Бұл әдістемелік нұсқауды барлығымыз қарастырып, білікті, тәжірибелі мамандардың жан жақты пікірлерін жинақтап жасауымыз керек. Алдағы уақытта маңызды мәселелер дер кезінде тиімді шешімін табу үшін осындай басқосулар ұйымдастырылады ",-деп қорытындылады ҰҒПДТО бас директоры Т. Есентаев.