ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
"ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ОРТАЛЫҒЫ"

республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны

Нұр-Сұлтан қ., Майлин көшесі, vip қалашық, 3 ғимарат
+7 (7172) 73-48-10
nnpcfk2020@yandex.kz

ДЕНІ САУ ҰРПАҚ ПЕН САЛАУАТТЫ ҰЛТ БОЛУДЫҢ БАСТЫ АЛҒЫШАРТЫ - МЕКТЕП СПОРТЫН ДАМЫТУ



дам бойында өмірлік маңызды дағдылар мен әлемге деген позитивті көзқарасты қалыптастыруда спорт маңызды болса, ал жас ұрпақтың үйлесімді дамыған тұлғасын тәрбиелеуге мектеп спорты зор ықпал етеді. Бүгін «Мектеп спортының өзекті мәселелері» тақырыбында онлайн конференция ұйымдастырылып, оған ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Құтжанұлы және Қазақстандық мектеп спорты федерациясы мен Мектеп спорты федерациясының қауымдастырылған мүшелері, аймақтық дене тәрбиесі орталықтары басшылары қатысты. «Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары ақысыз негізде өзі қалаған спорт түріне қатысатындай мүмкіндік жасау керек. Балалардың спортқа деген ынтасын арттыру мақсатында Қазақстандық мектеп спорты федерациясы баскетбол, волейбол, футбол спортына қажетті 1000 доппен ауыл балаларын қамтамасыз етті. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мамандандырылған спорт топтарын құру және дамыту және Ұлттық инклюзивті ойындарды ұйымдастыру мәселелері бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Инклюзивті спорт комитеті "BI Жұлдызай" Корпоративтік қорымен ынтымақтастық аясында Мектеп спорты федерациясы жанынан құрылған болатын. Мектеп спортының дамуы үшін жүйелі механизм бойынша бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын», - деді онлайн жиналыстың модераторы - Қазақстандық мектеп спорты федерациясының төрағасы Нұржан Нұрахметов. ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Құтжанұлы: «Мектеп спортын дамытуда біздің орталықтың қызметі ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі бойынша мақсатты кешенді бағдарламаларды әзірлеу, спорт резервін даярлау, құрама командалардың мүшелеріне педагогикалық және әдістемелік көмек көрсету, дене шынықтыру бойынша педагог кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыруға қатысты жұмыстарды қамтиды. Мақсатымыз - мектеп жасына дейінгі балалар, оқушылар және студент жастар арасында дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми және практикалық қызметтерді жүзеге асыру. Мектеп спортын дамыту маңызды екенін ескере отырып, оның алғышарттарын да тұрақты зерделеп отырмыз. Салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың иммунитеті жоғары екенін уақыт дәлелдеп отыр. Олай болса, ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» мен Қазақстандық мектеп спорты федерациясы ортақ жауапты істе бірігіп жұмыс істесе, күрмеулі мәселелер шешім табатынына сенімдімін. Айта кетейін, білім ордаларындағы арнайы медициналық топтар бойынша мәселе аясында бүгін Қарағанды медициналық университетімен ынтымақтастық келісімге келді»,- деді. Сонымен қатар, конференцияда Алматы қаласы Білім басқармасы «Қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік» орталығының директоры Е.Б.Назаров, Қазақстандық мектеп спорты федерациясының бас хатшысы З.Ақан, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Шығыс" балалар мен жасөспірімдер орталығының өкілі С.Ы.Аяшев мектеп спортының маңызды мәселелері мен даму алғышарттарына қатысты ойларын ортаға салды. Мәжілістің қорытындысы бойынша ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» мен Қазақстандық мектеп спорты федерациясы бірлесіп мектеп спортын дамыту жөнінде әдістемелік нұсқаулық әзірлеп, арнайы бағдарлама жасауға келісті.