ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
"ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ОРТАЛЫҒЫ"

республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны

Нұр-Сұлтан қ., Майлин көшесі, vip қалашық, 3 ғимарат
+7 (7172) 73-48-10
nnpcfk2020@yandex.kz

ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ?



Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру - қоғамның әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамымыздың қауіпсіздігінің кепілі. Білім мен тәрбие талаптарына сай өсіп келе жатқан ұрпақтың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік жүйе және қоғамдық құбылыс есебінде дене тәрбиесі жүйесін, оның қалыптасуы мен дамуының негізгі заңдылықтарын, қызметі мен құрылымын танып-білудің қажеттілігі туындап отыр. Жалпы орта мектептердегі «Дене тәрбиесі» пәнінің мақсаты әлі күнге дейін толықтыруды қажет етеді, осыған орай оның ғылыми негізделген бағыт-бағдары жасалуы керек.Дене тәрбиесі пәнінің сапасы мен пән мұғалімдерінің біліктілігі, мектептердегі дене тәрбиесі сабағына қажетті құрал-жабдықтар мен спорт залдарының мәселесі көпшілікті ойландырады деуге болады. Барлық мәселенің шешімі бар, олай болса дене тәрбиесі жүйесін қалай дамытуға болады? ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК мен "Еуразия" ғылыми-зерттеу институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Жалпы білім беретін мектептерде дене тәрбиесі сабағын өткізудің заманауи мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті.Конференцияға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Еуразия» ғылыми-зерттеу институты, Қазақ спорт және туризм академиясы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, П. Ф. Лесгафт атындағы Ұлттық мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университеті, "Спорт, адам, денсаулық" халықаралық қоғамдық ұйымы, "ЮНЕСКО" Кластерлік бюросы, Қазақстан Республикасы психологтар қауымдастығының өкілдері және ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми – практикалық дене тәрбиесі орталығының» РМҚК ғалымдары, республика бойынша дене тәрбиесі орталықтарының мамандары мен мұғалімдері қатысып, бүгінгі күні өзекті болып отырған тақырып аясында өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. «Елдің ертеңі – ұрпағымыздың денінің саулығы, олардың жарқын болашағы қоғамдық өзекті мәселеге айналып, бәрімізді алаңдатып отыр. Бүгінгі халықаралық деңгейдегі шараға арқау болып отырған, барлығымыздың бас қосуымызға себеп болған осы - "Жалпы білім беретін мектептерде дене тәрбиесі сабағын өткізудің заманауи мәселелерін" талдап-талқылау, тиісті қорытындылар шығару»,-деді ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК бас директоры Тастанбек Құтжанұлы.«Мектептердегі спорт алаңдарының оқу бағдарламасындағы тарауларға сәйкес жасақталмауы, дене тәрбиесі сабағының үшінші сағатының (қыздар және ұлдар тобына) бөлінбеуі, сабақ өткізуге қажетті ресурстардың, яғни құрал-жабдықтар сапасының төмендігі, дене тәрбиесінің жас ерекшеліктеріне қарай, әр сынып оқушыларына арналған оқу норматив көрсеткіштеріне қатысты мәселелерді» пән мұғалімдері жіктеп айтып берді.«Осы орайда мектеп қасындағы спорт алаңының жеңіл атлетика сабағына орай жасақталмағаны, жеңіл атлетика тарауын оқушыға меңгерту дене шынықтыру мұғаліміне өте қиынға соғады. Баланы асфальтпен немесе цементтен құрылған жолдармен жүгірту бұл қауіпсіздік ережесін сақтамау деп есептейміз. Сондықтан да болашақта салынатын мектептерде бірінші осы мәселеге көп көңіл аударса екен»,-деді Нұр - Сұлтан қаласының № 64 мектеп-лицейінің дене тәрбиесі пәнінің зерттеуші-мұғалімі Ляззат Сансызбайқызы.«Өз жұмысымызда біз "дене шынықтырудан" гөрі "дене тәрбиесі" терминіне көбірек сүйенеміз, өйткені дене тәрбиесі адамның биологиялық және рухани әлеуетін іске асыру мақсатында жеке тұлғаның, оның ішінде дене дамуы құндылықтарының жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін көзқарастарды ұстанады. Бүгінде ЮНЕСКО бүкіл әлем бойынша сапалы дене тәрбиесінің жаңа форматына көшуді ұсынады»,- деді "ЮНЕСКО" Кластерлік бюросының Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының басшысы А.Мясоед.Баяндамашыларды тыңдап, тақырыпты талқылау арқылы конференция қатысушылары жалпы білім беретін мектептегі дене тәрбиесі мен спорт саласы білім алушылардың денсаулығы мен психо-эмоционалды тәрбиесін нығайтудың қуатты факторлары болып табылатынына тағы бір мәрте көз жеткізді. Конференция қорытындысы бойынша, оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыру үшін қажетті шаралар қабылданды:- Тиімді тамақтану арқылы балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсартудың кешенді технологиясы жөнінде жоба әзірлеу;- Әлемдік стандарттарға сәйкес зерттеулер жүргізу, ғылыми зерттеулер көлемін ұлғайту;- Оқулықтар, оқу құралдары, оқу-әдістемелік кешендерді міндетті сараптамалық тексерістен өткізу;- Денсаулық фестивальдерін өткізудің жаңа формаларын енгізу, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін тапсырудың жалпы білім беретін мектептердегі рөлі мен маңыздылығын арттыру;- Халықаралық ғылыми топ құру;- Олимпиада және Азия ойындарының, Әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерімен кездесулер ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттандыру;- Дене тәрбиесі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарын өткізу;- Патриотизмді қалыптастыру бойынша дәрістер оқу, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу;- жалпы білім беретін мектептердің спорттық құрал-жабдықтармен қамтылуын 100% - ға дейін жеткізу;- оқушылар мен жастардың дене дамуы мен дене дайындығына жыл сайын мониторинг жүргізу керек деген шешім шығарылды. Дене тәрбиесін, жаңа технология мен озат тәжірибені ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық қағидаларымен сабақтастыра зерттеу – бүгінгі күн талабынан туындап отырған педагогика ғылымы міндеттерінің бірі десек, осы міндеттердің жоспарлы әрі жүйелі шешім табуы үшін ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК алдағы уақытта да аянбай еңбек ететін болады.