ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
"ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ОРТАЛЫҒЫ"

республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны

Нұр-Сұлтан қ., Майлин көшесі, vip қалашық, 3 ғимарат
+7 (7172) 73-48-10
nnpcfk2020@yandex.kz

Бас директор Тастанбек Құтжанұлының ұстаздарды мерекемен құттықтауы



Құрметті ұстаздар, білім беру саласының қадірлі ардагерлері! Сіздерді мерейлі мереке - мұғалімдер күнімен шын жүректен құтықтаймын! Биыл 1150 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Әлемнің екінші ұстазы - Әбу Насыр әл – Фарабидің мынадай ұлағатты сөзі бар: «Ұстаз тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады» дейді. Сондай-ақ, ғалым «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін білім беру саласының басты қағидаты етіп қалдырғандай. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады демекші оқушыларға білім мен тәрбие нұрын қатар сіңіретін мұғалімдер - қоғамымыз үшін аса маңызды тұлға. Барлығымыз да ұстаздың алдынан өтеміз! Педагог мәртебесі туралы Заңның қабылдануы да ұстаздардың мерейін үстем етіп қана қоймай, еліміздің болашағын тәрбиелеуші ретінде ұстаздардың мемлекеттік маңыздылыққа ие тұлға екенін аңғартса керек. Адамның адамшылдығы да, мектептің қандай болатындығы да жақсы ұстаздан болады. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына әсер етеді. Өйткені ұстаз - елдің келбеті. Ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Серке Қожамқұловтың «Ұстаз деген ұлағатты атты естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген сөзінен адам баласының жасына қарамастан ұстаз өмір бойы жақын жан болып қала береді деп қорытынды шығаруға болады Өзімнің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген мұғалімім: «Келешекте көкіректерің сайрап, тілмен сол көркем ойларыңды жеткізе алмаған кезде мені еске аласыңдар» деген сөзімен ерекше есте қалды. Ал математика пәні мұғалімінің сабағына қызығушылық оятатын өз әдіс-тәсілдері бар еді. Сыныпқа кіре салысымен бор-тақта деп сөйлей кіретін, сосын тақтаға өткен тақырып бойынша есеп жазып, бірінші шешімін тапқан оқушыға 5 қоятын. Аз уақытта дұрыс шешім қабылдау дағдысы сол кездерден қалыптасты деп ойлаймын. Ұстаздарымыз өмірлік сабақ берді, өмірімізде ұмытылмас із қалдырды. Бүгінге мерекеге орай барша ұстаздарымды, білім беру саласында аянбай етіп жүрген мұғалімдерді құттықтаймын. Отбасылық бақыт, мықты денсаулық, жанұясына амандық тілеймін. Қазақ елінің білім бәсекесіндегі алар орны тек биікте болсын. Мереке құтты болсын!