ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
"ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ОРТАЛЫҒЫ"

республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны

Нұр-Сұлтан қ., Майлин көшесі, vip қалашық, 3 ғимарат
+7 (7172) 73-48-10
nnpcfk2020@yandex.kz

САПАЛЫ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҚТАРЫ АРҚЫЛЫ ДЕНЕ БЕЛСЕНДІЛІГІНЕ ҚАТЫСТЫ ОҢ КӨЗҚАРАС ҚАЛЫПТАСТЫРУ



Бүкіл әлемде балалар мен ересектердің қозғалыс белсенділігі төмендеген, бұл денсаулыққа, өмір сүру ұзақтығына, оқу, жұмыс және жалпы өмір сапасына кері әсер етеді. Мұның бір шешімі - сапалы дене шынықтыру сабақтары арқылы дене белсенділігіне қатысты оң көзқарас қалыптастыру. Дене тәрбиесі, дене белсенділігі және спорт өмірлік дағдыларды дамытуға ықпал етеді және салауатты қоғам құру үшін өте маңызды. ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Құтжанұлы Есентаевтың төрағалығымен аймақтық дене тәрбиесі орталықтары басшыларының қатысуымен өткен онлайн конференцияда Алматы қаласындағы "ЮНЕСКО" Кластерлік Бюросының Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының басшысы Мясоед Арина дене белсенділігі және дене шынықтыру сауаттылығы бойынша онлайн курс жайлы айтты. Алдағы уақытта дене шынықтыру мұғалімдері арасында онлайн курсты ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл курс әлеуметтік маңыздылыққа ие, яғни жастарға құбылмалы көңіл-күй мен агрессия сияқты эмоциялардан арылуға, психикалық және физикалық әл-ауқатты жақсартуға, еңбекқорлық пен төзімділік қасиеттерін қалыптастыруға көмектеседі. Онлайн курс мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік аз қамтылған топтардағы және жалпы жасөспірімдер мен жастардың қатысу мүмкіндігін қарастырған. Онлайн курс дене белсенділігінің деңгейін арттыруды көздейді: • күнделікті іс-әрекетте дене белсенділігін арттыру; • жастардың өмір бойы қозғалыс белсенділігін сақтап қалатын мінез-құлық үлгілерін дамыту үшін сапалы дене тәрбиесін қалыптастыру; • есте сақтау, зейін, ойлауды жақсарту арқылы психикалық денсаулықты қалыптастыру; • коммуникацияның қажетті деңгейін жетілдіру; • өз мүмкіндіктерін іске асыруға ұмтылу; • ішкі және тұлға аралық қақтығыстарды шешу; • мазасыздықтан, стресстен, әртүрлі психикалық тәуелділіктерден арылу; • дұрыс тамақтану және дұрыс ұйқы режимін сақтау. «Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауынан туындайтын тапсырмалар бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бұқаралық спортты дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Дене шынықтыру пәнін оқыту сапасы мен бұқаралық спортты дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Ең алдымен, осыған қатысты қазіргі ахуалға талдау жасап алуымыз керек»,-деді ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Т. Есентаев. Тастанбек Құтжанұлы жергілікті жерлерде талдау жүргізіп, нақты және сенімді ақпарат жинақтауды тапсырды. Атап айтқанда, спорт залдары, ашық спорт ғимараттары, спорттық құрал-жабдықтар және әрбір дене шынықтыру мұғалімі мен жалпы білім беретін мектептердегі секцияға қатысатын оқушылар жөніндегі мәліметтер. ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» бұқаралық спортты дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеп, танысып ұсыныс енгізу үшін өңірлік дене шынықтыру орталықтарына жолдады.