Спортзалда жеңіске жету - өмірдегі жеңістердің бастамасы
- Қаралды: 373
1999 жылы Калифорнияда болған оқиға желісімен түсірілген «Жаттықтырушы Картер» фильмі туралы жазғым келіп жүргелі біраз болды. Кинода жаттықтырушы Картер барлық бала НБА ойыншысы болмайтынын түсінеді. Сондықтан ол әр баланың алдында басқа да жолдар мен мүмкіндіктердің есігін ашуға тырысады. Бас кейіпкер оқушыларды тек баскетбол ойнауға, командада өзара әрекеттесуге үйретіп қана қоймайды. Ол жігіттерді ересек өмірге бейімдеуге баса көңіл бөледі. Бұл негізінен мұғалім мен оқушылар туралы, олардың күрделі қарым-қатынастары және Америкадағы білім беру мәселелері туралы нақты прототиптері бар деректі фильм. Мұнда кейбір аудандардың тұрғындары білімі болмағандықтан ғана екінші сортты адамдар болып саналуы мүмкін. Америка Құрама Штаттарында мектеп оқушысының оқу үлгерімі төмен болса, аттестатсыз қалуы мүмкін. Тұрмысы төмен аудандардың оқушылары үшін екі-ақ жол бар: аттестат алу және өмірлік мақсатқа ұмтылу немесе (көпшілік сияқты) оқу-білімсіз, қылмыспен айналысып, темір тордың артында өмір сүру. Негізінде, американдықтар үшін білім - табысты және бақытты өмірге апаратын жол, осы идеяны әрбір жасөспірімге жеткізу маңызды іс болып саналады.
Кедей аудандағы тәртіптері нашар, оқу үлгерімі төмен оқушыларды баскетболда жетістікке жетелеуден басқа үлкен жауапкершілік алған тренер Картердің жанкештілігі балаларды спортқа баулитын мамандарға сабақ болғаны дұрыс. Өйткені жаттықтырушының оқушыларға әсер етуде өзіндік әдістері бар. Ең алдымен команданың әр мүшесімен келісімшартқа отырады. Яғни нақты талаптар мен тәртіп бекітіліп, барлығы сол ЖАУАПКЕРШІЛІКті ерікті түрде қабылдайды. Келісімшарт бойынша дайындыққа кешігіп келуге болмайды; Әрбір ойыншы САБАҚ ҮЛГЕРІМІН КӨТЕРУІ керек; АЛДЫҢҒЫ ПАРТАЛАРДА ОТЫРУ керек; Ойынға КОСТЮМ-ШАЛБАР КИІП КЕЛУ керек. Жаттықтырушыға «СЭР» ДЕП ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАСАУ керек; Осынау қарапайым қағидаларға бағынғысы келмегендер болды. Олар жаттығу жасау ретінде жазаланып отырады.
Біздің халық даналағында «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген бір ауыз сөздің астары бір фильмге арқау болып отыр. Тренердің талаптарын қатаң деп сөккендер де табылды. Қарсы шықты, қоқан-лоққы көрсетті . Бірақ оның жанкештілігі, балалардың тағдыры үшін күрес жеңіспен аяқталды. Ол жеңіс чемпионаттағы жеңіс емес, оқушылар аттестат алып, колледжге, университетке оқуға түсті. Яғни тәртіпке үйреніп, өмірдің қиындықтарына сынбайтын жігерлі болып қалыптасты. Біздің мектеп қабырғасындағы дене шынықтыру сабақтарының да миссиясы - оқушылардың қозғалыс белсенділігін қамтамасыз ету ғана емес, өмір бойы салауатты өмір салты қағидаларын ұстанатын көзқарас қалыптастыру. Білім беру, оқу-ағарту қызметінің мәні мен құндылығы да сол. Ақ пен қараны ажырата алмайтын жасөспірім шағында баланың түсінігіне сай келетін әдіс-тәсілдер арқылы оқудың қажеттігін ұғындыру, әрбір пәннің маңыздылығын түсіндіру, «Неліктен дене шынықтыру сабағына қатысу керек» екенін айқындап беру, баланың алдына нақты приоритеттер қою. Оқушы - жас шыбық. Қалай исең, солай қарай иіледі. Бірақ қатты иемін деп, сындырып алмау керек. Осы ретте, жүрегі кең ұстаздар қауымының еңбегін айтпасқа болмайды. Шәкірттерінің тағдырына бейжай қарамайтын мұғалімдер қоғамымыз үшін орасан зор еңбек етіп жүр. Еселі еңбектеріңіз жемісті болсын! Мереке құтты болсын, ұлағатты ұстаздар!