ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру жүйесінде оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың бірі педагогтердің инновациялық педагогикалық тәжірибелерін (авторлық бағдарламалар) зерделеу және тарату деп көрсетілген. Педагогтерді аттестаттау қағидалары мен шарттарына сәйкес «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі «Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқу-әдістемелік кешендерді немесе бағдарламаларды немесе әдістемелік материалдарды әзірлейді және тәжірибеге енгізеді» деп көрсетілген.
«Мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР ОАМ 2023 жылғы 10 тамыздағы № 253 бұйрығына сәйкес инновациялық педагогикалық тәжірибелерді (авторлық бағдарламаларды) зерделеу және таратумен:
білім беру ұйымдары деңгейінде - әдістемелік бірлестіктер (комиссиялар, кафедралар)
облыс, аудан/ қала деңгейінде - әдістемелік кабинеттер (орталықтарға)
республикалық деңгейде - Республикалық оқу-әдістемелік кеңес айналысады.
Инновациялық педагогикалық тәжірибелерді (авторлық бағдарламаларды) зерделеу және тарату барлық деңгейде тегін жүргізіледі.
Мектеп деңгейінде тиімді деп бағаланған авторлық бағдарлама әрі қарай сол мектептегі басқа педагогтер немесе басқа білім беру ұйымдарында қолдану үшін ұсынылады. Мектептегі бұл жұмысты мектеп директорының орынбасары, білім беру ұйымының пәндік әдістемелік бірлестігінің меңгерушісі жүргізеді.
Аудандық, қалалық немесе облыстық әдістемелік кеңесте тиімділігін анықталған авторлық бағдарламалар сәйкесінше сол өңірдегі барлық педагогтер мен білім беру ұйымдарына енгізу үшін таратылады. Бұл жұмысты әдіскерлер жүргізеді. Облыс деңгейінде оң қорытынды алған жұмыстарды бұдан әрі Республикалық оқу-әдістемелік кеңеске ұсынады.
Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған педагогтердің авторлық бағдарламалары барлық республикаға жалпылауға болатынын білдіреді. Педагог бұдан әрі авторлық бағдарламасын конференциялар, семинарлар т.б. шаралар мен заманауи коммуникациялық құралдардың көмегімен таратады.
ҚР, Астана қ., Түркістан 8/2 БО "OLYMP PALACE" 12 қабат 8 (7172) 73-48-10 info@nnpcfk.kz