ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Көшпенділер ойындары балабақшада» тақырыбында семинар өткізілді
Астана қаласы Білім басқармасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 25 қыркүйекте № 11 «Гауһар» балабақшасында «Көшпенділер ойындары балабақшада» тақырыбында қалалық семинар өткізілді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымында өткізілген іс-шараға Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының (бұдан әрі – Орталық) қызметкерлері: дене шынықтыру саласындағы мамандардың, педагогтердің біліктілігін арттыру зертханасы жетекшісі, доцент – Б. Шилибаев, дене шынықтыру саласындағы ғылыми-зерттеу қызметі зертханасының жетекшісі – Ф. Билибаева, аға әдіскер – А. Мираманов және дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы, Орталықтың тренер-лекторы – М. Шотай, Астана қаласы Мектепке дейінгі дене шынықтыру нұсқаушылары ассоциациясының төрайымы, Орталықтың тренер-лекторы – Д. Амантай қатысып, ұлттық ойындарды мектеп жасына дейінгі балалар арасында өткізудің маңыздылығына тоқталып, дене шынықтыру нұсқаушыларына дәстүрлі ойындардың қыр-сырын меңгерту бойынша авторлық «Үшбас», «Асық шерту», «Бестемше» және «Бескеней» ойындарынан шеберлік сабақтарын өткізді.
Іс-шара бағдарламасында көшпелі халықтың өміріне қысқаша шолу жасалды, бұл кішкентай қатысушыларға халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін жақсы түсінуге мүмкіндік берді.
Балалардың өз өнерлері мен ептіліктерін көрсете алатын, физикалық қозғалыс шеберліктерін дамытатын ұлттық ойын түрлеріне ерекше көңіл бөлінді. Сайыс аясында асық ату, садақ ату, асық шерту, бестемше, бескеней сынды ойындар өткізілді.
Жарыста балалар ұлттық ойындарға, спортқа деген құштарлықтарын таныта отырып, үлкен ынтамен қатысты.
Семинар тек білім беру ғана емес, сонымен бірге балалардың көшпелілер мәдениетіне және дене шынықтыру жаттығуларына деген қызығушылығын дамытуға ықпал етті.
ҚР, Астана қ., Түркістан 8/2 БО "OLYMP PALACE" 12 қабат 8 (7172) 73-48-10 info@nnpcfk.kz