Астанада мектеп және студенттік спортты дамыту жолдары талқыланды
- Қаралды: 18
Бүгін Астанада Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Мектеп және студенттік спорттың мәселелері мен даму жолдары» тақырыбында кеңес өтті. Жиынға ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, сондай-ақ 25 ұлттық спорт федерациясының өкілдері қатысты.
Кеңестің мақсаты – балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру инфрақұрылымын жаңғырту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және жаңа ынтымақтастық формаларын қалыптастыру арқылы мектеп және студенттік спортты кешенді дамыту жолдарын қарастыру.
Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Арман Ташметов өз сөзінде спорттың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі орнына тоқталып, дене тәрбиесі – қоғамның денсаулығы мен белсенділігін қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
– Дене шынықтыру – бұл жай ғана сабақ емес. Бұл – ұлт саулығына салынған инвестиция. Бүгінгі оқушылар – ертеңгі чемпиондар мен қоғам көшбасшылары. Біз оларға барлық жағдайды жасауымыз керек, – деді Арман Ташметов.
Жиында еліміздегі дене шынықтыру пәні мұғалімдері жайлы талдау ұсынылды. Қазіргі таңда мемлекеттік мектептерде 29 636 маман еңбек етуде. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, кәсіби жаттықтырушылар мен спорт шеберлігіне кандидаттар бар. Волейбол, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату – бұл спорт түрлеріне ел бойынша мыңдаған бала қатысып жүр.
Орталықтың күнтізбелік жоспары аясында жыл сайын ауқымды шаралар өткізіледі:
- Қысқы және жазғы гимназиадалар;
- 10 спорт түрі бойынша Ұлттық мектеп лигасы;
- 23 спорт түрі бойынша көпдеңгейлі жарыстар.
Федерациялар өз бастамаларымен бөлісті. Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Канагатов дене шынықтыру мұғалімдерін қайта оқытып, оларды жаттықтырушы ретінде тарту бастамасын ұсынды. Оның айтуынша, елде 262 мыңнан астам үстел теннисімен айналысатын әуесқой бар, алайда кәсіби бапкерлердің тапшылығы сезіледі.
ҚР Футбол федерациясының өкілі Никита Мозгомов UEFA Playmakers жобасының табысты іске асырылып жатқанын айтты. 5-8 жас аралығындағы қыздарға арналған бұл бағдарлама ойын түрінде футболға баулуға бағытталған және екінші жыл қатарынан жүзеге асуда.
ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев 2 000-нан астам баланы қамтыған «Babby Tennis» жобасын таныстырды. Бұл бастама 100-ден астам балабақшада іске асуда.
Волейбол федерациясының вице-президенті Ермек Сырлыбаев бүгінде 357 мыңнан астам баланың волейболмен шұғылданып жатқанын жеткізді. Бұл спорт түрінің елдегі даму қарқыны ерекше.
Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Әліжан Төлембаев баскетболға жоғары сынып оқушыларының қызығушылығы артып келе жатқанын және бүкіл ел бойынша түрлі лигалар мен жарыстар санының көбейіп отырғанын атап өтті.
Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы Арман Әбеуов Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатқан ведомствоаралық жұмысты таныстырды. Бұл бағытта бастапқы әскери-техникалық дайындық (БӘТД) және дене шынықтыру саласында педагогикалық құрамды нығайту қарастырылуда. Әсіресе әскери зейнеткерлер мен кәсіби жаттықтырушыларды мектептерге дене шынықтыру пәні мұғалімі және БӘТД инструкторы ретінде тарту мәселесі көтерілді.
– Бүгінгі мектеп сапалы мамандарға мұқтаж. Әскери зейнеткерлер – тәртіп пен тәжірибенің иесі, ал жаттықтырушыларда – әдістеме мен мотивация бар. Осы екі әлеуетті тиімді үйлестіру арқылы біз кадр тапшылығын жойып, оқушыларды жоғары деңгейде дайындай аламыз, – деді Арман Әбеуов.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов өз сөзінде Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында бұқаралық спортты, оның ішінде балалар спортын дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Ол бұл бағытта нақты нәтижелерге тек бірлескен күш-жігер арқылы қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
Кеңесті қорытындылаған Арман Ташметов барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, мектеп және студенттік спортты дамытуда федерациялар белсенділігінің маңыздылығын атап өтті:
– Егер біз дені сау, мықты, табысты ұрпақты тәрбиелегіміз келсе — бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Осы жолда қолдау білдірген әріптестерге алғысымды білдіремін!