8 (7172) 72-57-89
Байланыс
nnpcfk2020@yandex.kz
E-mail
Сарыарқа 6, 9 қабат
Астана қ.

ЖАҢАЛЫҚ

АСТАНАДА ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫНЫҢ ФИНАЛЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

16 мамыр күні елордада 7–8-сынып оқушылары арасындағы Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – еліміздегі ең ірі оқушы спорт жобаларының бірі.

Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктер өкілдері, білім және спорт басқармаларының басшылары, танымал спортшылар, финалдық кезеңге жолдама алған қатысушылар мен құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты бөлімде республикалық жарыстарға ресми түрде бастау берілді. Ашылу рәсімінің ерекше сәті – биыл Сербияда өткен Дүниежүзілік мектеп гимназиадасында жүлделі орын алған 11 оқушыны марапаттау болды. Оларға оқу-ағарту министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.

Кеш аясында қатысушы командалар шеруі, спорт федерациялары ұсынған белсенді ойындар, өнерпаздардың концерттік қойылымдары, түрлі байқаулар мен сыйлықтар ойнатылды. Ашылу салтанатының тікелей көрсетілімі Sport Plus Qazaqstan және Dene_tarbiesi_ortalygy YouTube-арналарында жүргізілді.

7–8-сынып оқушылары арасындағы Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңі 5 мамырда басталды. Қазіргі уақытта шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика және ұлдар арасындағы футбол сайыстары аяқталды. Астанада қыздар футболы, волейбол, баскетбол және үстел теннисі ойындары жалғасуда. Жалпы, финалдық кезеңге аймақтық іріктеу жарыстарында топ жарған 5 мыңнан астам оқушы қатысып жатыр.

Ұлттық мектеп лигасы мектеп бағдарламасына енген 10 спорт түрін қамтиды: тоғызқұмалақ, шахмат, жеңіл атлетика, футбол («Былғары доп»), үстел теннисі, волейбол («Шұбар доп»), баскетбол («Алтын доп»), асық ату, бес асық және гандбол («Ұшқыр доп»).

Биылғы финал республикалық деңгейдегі кәсіби спорт кешендерінде өтіп жатыр. Барлық төрелік пен техникалық қолдауды спорт федерацияларының білікті мамандары қамтамасыз етуде.

Жарыстар төрт кезеңнен тұрады: мектепішілік, аудандық/қалалық, облыстық және республикалық. Басты талап – әр команда тек бір мектептің оқушыларынан құралуы тиіс. Арнайы спорт мектептерінен, интернаттар мен академиялардан құралған командалар қатыса алмайды. Бұл – барлық оқушылар үшін тең мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін 9–11-сынып оқушылары арасындағы финал Талдықорғанда өтті. Ал 5–6-сынып оқушыларына арналған финал маусым айында Алматы қаласында өтеді.

Оқу жылының басынан бері Ұлттық мектеп лигасына ел бойынша 3,5 миллионнан астам оқушы қатысты. Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мектеп оқушылары үшін теңдессіз спорттық мүмкіндік.

ҚР, Астана қ.,
Түркістан 8/2
БО "OLYMP PALACE" 12 қабат
8 (7172) 73-48-10
info@nnpcfk.kz
© Design by 2025 site-pro.kz. All Rights Reserved.
  • БАСТЫ
  • БІЗ ТУРАЛЫ
  • ЖАҢАЛЫҚ
  • ПЕДАГОГТЕРГЕ
  • ҒЫЛЫМ
  • Спорт
  • АЙМАҚТАР
  • Әдістемелік материалдар
  • меморандумдар