Олардың техникасы — кәсіби деңгейде. Қазақстанның Баскетбол федерациясы бұл қыздардың спорт мектебінен емес, ауыл мектебінен екенін алғашында сене алмады
- Қаралды: 21
Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Орлы ауылы — небәрі жүз шақты үй. Мектепте екі жүздей ғана оқушы. Облыс орталығына дейін — 250 шақырымнан астам. Ал Ұлттық мектеп лигасының жеңімпазы атану — одан да алыс көрінетін. Бірақ бұл ауылдың сегізінші сынып оқушы қыздары чемпион атанды.
Динара Оразбек, Ақбота Талапова, Айару Наурызбай, Наргиз Мұратова, Жанерке Серікқали, Томирис Серік пен Жасмин Алтайқызы. Бар болғаны жетеу. Ақтық кезеңге жол жүрер алдында бір ойыншы сырқаттанып қалып, команда құрамында сегіз адам болу керек деген ережеге сәйкес келмей қалды. Яғни жарысқа қатыспай қалу қаупі болды. Бірақ қарсылас командалар оларды ойынға жіберуді қолдап дауыс берді. Нәтижесінде, финалда жеңіске жеткен — осы қыздар.
Бойлары ұзын емес. Спорт интернатынан емес. Қаладан да емес. Бірақ республиканың түкпір-түкпірінен келген 17 үздік команданы артта қалдырды.
Бесінші сыныптан бастап баскетбол ойнап келеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асылмұрат Төреұратов олардың бойынан қабілет көріп, сабақтан тыс уақытта жаттықтыра бастаған. Алғашқы нәтижесі — 5–6 сыныптар арасындағы 4-орын. Кейін 7–8 сыныптар арасында қола медаль. Биыл — алтын.
Бұл кездейсоқ жеңіс емес. Қыздар түрлі жарыстарға тұрақты қатысып жүр. Олар — облыс чемпиондары, республикалық деңгейдегі турнирлердің жүлдегерлері.
Айта кетейік, 5–31 мамыр аралығында Астана қаласында 7–8 сынып оқушылары арасындағы Ұлттық мектеп лигасының финалдық ойындары өтіп жатыр. Жобаға жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 3,5 миллионнан астам оқушы қатысады.