«Студенттік спорт лигасы. ІХ қысқы Қазақстан Универсиадасы» жөнінде онлайн конференция өтті
- Қаралды: 508
Бүгін Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен «Студенттік спорт лигасы. ІХ қысқы Қазақстан Универсиадасы» жөнінде онлайн конференция ұйымдастырды.
Жиынның төрағасы – Орталықтың бас директоры Сағдат Садыков Лига мен Универсиада ережелеріне қатысты талдау жасады.
Спорттық сайыстарға қатысатын студенттердің қатарын кеңейте отырып, жастар арасында салауатты өмір салты ортасын қалыптастыру күнтәртібіндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналып отыр.
Жас жеткіншектерді спорттық іс-шараларға тарту арқылы бос уақытын тиімді игеру, зиянды әдеттерден алшақтату, теріс мінез-құлықтардан арылтуға баса назар аудару қажеттігі айтылды.
«Әрбір бала білім алуы тиіс, сонымен қатар спорттық дағдыларды меңгеріп өссе, толыққанды тұлғаға айналар еді. Біз сабақты жинап қойып тек спортшылар тәрбиелейміз десек, қатты қателескеніміз, бұл баланың тағдыры мен елдің болашағын ойламау деп есептеймін. Біздің мақсатымыз - жаңадан жетіліп келе жатқан жас жеткіншектерге сауатты дене тәрбиесі түсінігі мен сапалы дене шынықтыру дағдыларын дарыту»,-деді Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры.