Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық мектеп лигасының ашылуына қатысты
- Қаралды: 477
Бүгін елордада №37 мектеп-лицейінде Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің қатысуымен Ұлттық мектеп лигасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы дене шынықтыру мен спорт саласы, әсіресе мектепте балаларды спортқа баулу бойынша алдымызға бірнеше мақсат-міндеттерді қойды. Осы орайда, Ұлттық мектеп лигасы - Министрлік пен жалпы білім саласы үшін өте маңызды шара. Ұлттық лиганың қатысушылары да, оқушыларымыздың спорттық әлеуеті де жыл сайын артып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, қазақстандық оқушылар Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, 64 елдің ең озық оқушылары қатысқан додада 3500-нан астам жас спортшылармен сайысқа түсіп, 86 медальмен құрамамыз 3-орынды жеңіп алды. Президенттің тапсырмасының шеңберінде биылдан басап Гимназиада сынды халықаралық спорттық додалардың жеңімпаздары ҰБТ тапсырмай, жоғары оқ орнында білім алуға мемлекеттік грантты жеңіп алады. Биыл Гимназиаданың 51 жеңімпазы осы гранттарды жеңіп алып, жоғары оқу орнында оқуға мүмкіндік алды. Әрі қарай да біз осы қолдау жұмыстарын міндетті түрде жүргіземіз », - деді Министр.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Министр футзал жарысының алғашқы добын соғып, жарысты бастап берді. Ұлттық ойындар алаңында асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ ойындарын, мектептің кіші спорт залдарында баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахматтан сайысқа түскен жас спортшылардың өнерін тамашалады. Дене шынықтыру мұғалімдерінің кабинетімен, мектептің спорттық құрал-жабдықтарымен танысты.
2021-2022 оқу жылында 10 спорт түрінен 41 жарыс өткізілді. Бірінші кезеңде 1 946 371 (54 %), екінші кезеңде 776 964 (21,5%), үшінші кезеңде 50597 (1,4 %) және төртінші кезеңде 4192 (0,11%) оқушы қатысты. Былтырғы жылмен салыстырғанда 13,8% қатысушылар саны артты. 2021-2022 оқу жылындағы Лиганың қорытындысы бойынша 5-6 сыныптар арасында жалпы командалық есепте 3 орын – Қарағанды облысы, 2 орын – Түркістан облысы, 1 орын – Павлодар облысы. 7-8 сыныптар арасында 3 орын – Қарағанды облысы, 2 орын – Павлодар облысы, 1 орын – Түркістан облысы. 9-11 сыныптар арасында 3 орын – Жамбыл облысы, 2 орын – Шымкент қаласы, 1 орын – Түркістан облысы иеленген еді.