Үздік педагог - 2022
- Қаралды: 822
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілетін дәстүрлі Үздік педагог байқауының 2022 жылғы жеңімпазы Астана қаласы 1 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің бейімдеу дене шынықтыру нұсқаушысы Конкулов Қорған Кәкімжанұлы - бүгін Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығында қонақта.
Кездесу барысында дене шынықтыру саласының үздік маманы Қорған Кәкімжанұлы емдік және бейімдеу дене шынықтыру мәселелері бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетейік, «Үздік педагог-2022» республикалық байқауына биыл еліміздің әр өңірінен қатысқан мектеп, балабақша және колледждің 5 491 мұғалімінің 64-і үздік атанды. Педагогтің барлығына 3 млн теңгенің сертификаттары мен төсбелгілер табыс етілді.
Биыл байқауға қатысуға 5,5 мың өтініш түсіп, рекорд орнатылды. Бұл цифрлы шешімдердің арқасында мүмкін болды. Себебі мұғалімдер өтінішті онлайн беруге, оның қай кезеңде екенін, сарапшылардың қандай ұпай қойғанын және т.б. бақылауға мүмкіндіктер алды. Сондай-ақ жаңа формат әр мұғалімге алдын ала іріктеуден өтпей-ақ, конкурсқа қатысуға өз бетінше өтініш беруге мүмкіндік берді. Бұл шаралар ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз етті.
Онымен қоса биыл мұғалімдер ашық сабақтар өткізді. Олар да байқау аясында бағаланды.
Биыл жас мұғалімдер санының көбейгені байқалады. Мектеп мұғалімдері арасында пәндер бойынша бастауыш сынып (849 адам), қазақ тілі мен әдебиеті (800 адам), ағылшын тілі (507 адам) және математика (433 адам) мұғалімдері басым.