«Дене шынықтыру мұғалімінің кәсіби құзыреттілігі мен дағдысын дамыту» тақырыбындағы біліктілікті арттыру семинары өткізілді.
- Қаралды: 573
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығындағы Дене шынықтыру саласындағы ғылыми-зерттеу және Дене шынықтыру саласындағы мамандардың, педагогтердің біліктілігін арттыру және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету зертханаларының ұйымдастыруымен 2023 жылғы 13-14 маусымда дене шынықтыру саласындағы әдіскерлерге арналған «Дене шынықтыру мұғалімінің кәсіби құзыреттілігі мен дағдысын дамыту» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсының бекітілген оқу бағдарламасының алты модулі бойынша республикалық оқыту семинары өткізілді.
Республикалық семинарға барлығы 100-ге жуық әдіскер қатысты (қазақ және орыс топтарында).
Ұлттық орталықтың Дене шынықтыру саласындағы мамандардың, педагогтердің біліктілігін арттыру және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету зертханасының жетекшісі С.К. Куптилеуова (қазақ тобында) және Дене шынықтыру саласындағы ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі А.М. Мамырханова (орыс тобында) семинарда бекітілген бағдарламаға сәйкес ҚР нормативтік-құқықтық актілеріне қатысты әдістемелік ұсынымдар берді. Дене шынықтыру педагогтері оқу процесін ұйымдастыру барысында ұстануы тиіс нормативтік ережелерге түсініктеме бере отырып, дене шынықтыру пәні өз қызметін негізінен ҚР Білім туралы және ҚР Дене шынықтыру мен спорт туралы заңдарға сүйене отырып жүзеге асыратындығын айтты. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы педагогтің жұмысты ұйымдастыру процесіне қатысты нормативтік талаптар бойынша ескеретін құжаттарды әр педагог мұқият оқып-танысып шығу қажеттілігіне баса назар аударды. Қолданыстағы ҚР Заңдары аясында міндеттер мен құқықтық тармақтар көбірек айтылып, ал жауапкершілікте болу талаптары назардан тыс қалып жататындығына зертхана жетекшісі С. Куптилеуова ерекше тоқталып өтті. Дене шынықтыру саласындағы ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі А.М. Мамырханова семинар барысында орта білім беру ұйымдарында «Дене шынықтыру» пәнін оқытуды құқықтық қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру жағдайында оқытудың мазмұны мен әдістемесін жетілдіру, дене шынықтыруды оқытудың заманауи технологиялары, мектеп оқушыларының және ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушылардың денсаулық жағдайындағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға дене шынықтыру пәнін өткізудің ерекшеліктеріне тоқталды.
Педагог әдіскерлер бұл семинардан әдістемелік жұмыстарын дамытуға қатысты көптеген сауалдарына жауап алды. Дене шынықтыру пәні әдіскерлерінің кәсіби өсуіне және дамуына осындай оқыту семинарының өткізілгеніне өңірлердегі мамандар алғыстарын айтты. Семинарда сөз алған тәжірибелі лекторлар әдіскерлерге тиімдірек жұмыс істеуге, жергілікті ұйымдарда дене шынықтыру және спорт жұмыстарының сапасын арттыруға ықпал ететін құнды ақпараттар мен әдістемелік кеңестерін ұсынды.
Екі топта да келесі мәселелер талқыланды:
- Дене шынықтыру мұғалімдерінің бастауыш сыныптарда «Дене шынықтыру» пәнін оқытуы;
- Дене шынықтыру мұғалімінің қызметін бағалау;
- «Дене шынықтыру» пәнін оқыту әдістемесі бойынша практикалық семинарлар, шеберлік сабақтарын ұйымдастыру және өткізу;
- Дене шынықтыру мұғалімдері арасында тәлімгерлік қызметті енгізу.
- Үйде оқытатын балаларға дене шынықтыру пәні өтеді ме?
- Дене шынықтыру пәнін ұл/қыз топтарға бөліп оқыту мәселесі;
- Оқу жылында бағалау жүйесі болады ма, әлде сынақтан өтті деп жазылады ма?
- Дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне IT құзыреттілік не үшін қажет?
Аталған сауалдардың барлығына семинар ұйымдастырушылары жауап бере отырып, Орталықтың сайтындағы ақпараттар мен жаңалықтар туралы мәлімет және әдістемелік кеңестер берді.