Қазақстандағы сапалы дене тәрбиесі
- Қаралды: 320
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы арасындағы өзара ынтымақтастық меморандум аясында «Қазақстанда сапалы дене тәрбиесі саясатын жүргізу» жобасын іске асырып жатыр.
Өңірлерде консультативтік кездесулер өткізудің бекітілген кестесіне сәйкес Алматы қаласында екінші кездесу өткізілді. Еске салайық, алғашқы кездесу Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында өткен болатын.
Консультативтік кездесуде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Тарасенко Елена Ивановна, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мәселелері жөніндегі бағдарламалық маманы Байбеков Мақсат Талғатұлы, Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары м.а Биткова Бақытжан Үмітбекқызы, Алматы қаласы № 116 мектебінің директоры, дене шынықтыру мұғалімі, педагог-зерттеуші Мейірханова Зухра Дүзбайқызы, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік Бюросының жоба сарапшысы/үйлестірушісі Ілиясова Әлия Қадырқызы баяндама жасады.
🗞Алматыда өткен жиында жекелеген дене шынықтыру мұғалімдерінің жаттықтырушылық біліктілігінің болмауына байланысты, кейбір мектептердің басшылығы сабақтан тыс спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік бермейді, ДШ сабақтарында балалар жарақатының жоғары көрсеткіші сияқты мәселелер талқыланды.