Дене шынықтыру пәнінен республикалық пәндік олимпиада
- Қаралды: 412
Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен «Дене шынықтыру» пәні бойынша республикалық оқушылар олимпиадасын өткізу туралы аймақтық дене тәрбиесі орталықтарымен онлайн жиын өтті.
Жиында Алматы қалалық дене шынықтыру және спорт оқу – тәжірибелік орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, педагог-зерттеуші Ризабек Қадылбекұлы Еспенбетов Олимпиаданың практикалық бөлімін өткізу туралы ұсыныстарын білдірді.
Жиынға аймақтық дене тәрбиесі орталықтарының өкілдері мен жергілікті жерлерде Олимпиаданы өткізуге жауапты мамандар (37 адам) қатысты. Айта кетейік, пәндік Олимпиада биыл 3-рет өткелі отыр.
Олимпиадаға денсаулық жағдайы бойынша негізгі медициналық топқа жататын жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялар мен лицейлердің 5-6, 7-8 сынып білім алушылары, «Дене шынықтыру» пәні бойынша Олимпиаданың екінші кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады.
Олимпиада теориялық және практикалық бөлімдер бойынша екі жас тобында өткізіледі: 1-топ – 5-6 сыныптар – 10 білім алушы (5 ұл, 5 қыз); 2-топ – 7-8 сыныптар – 10 білім алушы (5 ұл, 5 қыз).
Олимпиаданың кезеңдері:
1) бірінші кезең – аудандық, 2023 жылдың қыркүйек айында аудандық білім бөлімдері өткізеді;
2) екінші кезең – облыстық (қалалық). Облыстық кезеңді 2023 жылдың 5 қазанына дейін облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары өткізеді.
3) үшінші кезең – республикалық, 2023 жылдың 23-27 қазанында Алматы қаласында өтеді.