Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы республика бойынша орта білім беру ұйымдарында 2023-2024 оқу жылындағы Ұлттық мектеп лигасының жаңа маусымын ашып берді.
@schoolnews59 Астана қаласының №59 мектеп-лицейінде Ұлттық мектеп лигасы жарыстары басталды. 9-11 сынып оқушылары футбол, баскетбол, волейбол, 5-6, 7-8 сыныптар бесасық-асық ату жарыстарымен бастады.
@judo_sadykov Мектепішілік лига ойындарын тамашалауға барған Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садықов Сағдат Кәбірұлы оқушылар мен ата-аналарға, ұстаздарға жаңа маусымда сәттілік тіледі.
«Жаңа оқу жылындағы Ұлттық мектеп лигасының басталуымен сіздерді құттықтаймын! Қымбатты жас спортшылар, спорт сіздерді тәртіпке, ұйымшылдыққа, сыйластыққа, тазалыққа, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді деп сенемін», - деді С.Садықов.
Мектеп директоры Жумабекова Алма Алтынханқызы: «Лига жарыстары барысында жасөспірімдер арасында командалық рух қалыптастыру және аудандық, қалалық деңгейде қоғамдық өмірге белсене атсалысатын лидер, көшбасшыларды даярлау. Бұл лигада мектептегі үздік деген спортшы оқушылар өнер көрсетті. Мектепішілік лига бұдан әрі әр сенбі сайын жалғасатын болады»,-деді.
Ұлттық мектеп лигасының негізгі мақсаты балаларды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, жан-жақты үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу, республика бойынша дарынды балаларды анықтау болып табылады.
Лига ойындары мектеп бағдарламасындағы спорттың 10 түрі баскетбол, футзал, волейбол, гандбол, футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бес асық - асық ату, жеңілатлетикалық кросс бойынша өткізіледі.
Мектепшілік, аймақтық, облыстық кезеңдерде топ жарып, жеңіске жеткен командалар республикалық кезеңге жолдама алады. Айта кетейік, Ұлттық мектеп лигасының 5-6, 7-8, 9-11 сыныптар бойынша республикалық-финалдық кезеңі наурыз – шілде аралығында өтеді.