«АЛТЫН САҚА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫ ӨТТІ
- Қаралды: 397
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы және ҚР Асық ату федерациясының ұйымдастыруымен «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени – ағарту жобасы аясындағы «Алтын сақа» республикалық олимпиадасы өткізілді.
Олимпиаданың ақтық кезеңіне жолдама жеңіп алған 9-11 сынып оқушылары елорда төріне жиналды. Атап айтар болсақ, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Абай, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, БҚО, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарынан келген оқушылар екі күн бойы өзара сайысқа түсті.
Сонымен қатар, бүгін еліміздің 18 өңірінен келген асықшы-ұстаздардың қатысуымен «Асық ойыны – ұлттық спорт түрлерінің әліппесі» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік семинар өтті.
Еске салайық, ҚР Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылының екінші тоқсанын Асық тоқсаны етіп жариялаған және 17 қараша күні еліміз бойынша барлық білім ордаларында «Алтын сақа» челленджі өткен болатын.
Астана қаласындағы 24 орта мектепте өтіп жатқан семинарды ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садықов Сағдат Кәбірұлы өзінің құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Асық ату спортының негізін қалаушы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының құрметті профессоры Жомарт Сабыржанұлы қатысушыларға ҚР Асық ату федерациясының президенті Аслан Қуанышұлы Сұлтановтың құттықтауын жеткізіп, асық ату спортының соңғы кездегі қол жеткізген жетістіктері туралы айтып берді.
ҚР Асық ату федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Сағдат Садықовқа және семинар мен олимпиада өтіп жатқан білім ордасының директоры Серік Қалиевке республикалық журнал атынан «Ұлттық спорт жанашыры» төсбелгісін табыс етіп, құрмет көрсетті.