ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
- Қаралды: 355
Дене шынықтыру және спорт саласында ғылыми және практикалық қызметті жүзеге асыру
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы биыл ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік, ғылыми-ұйымдастырушылық, біліктілікті арттыру, спорттық-бұқаралық іс-шаралар бағытында біршама жұмыстар атқарды.
2022-2023 оқу жылында Халықаралық, республикалық спорттық-бұқаралық, дене шынықтыру – сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес 10 спорт түрі бойынша Ұлттық мектеп лигасының бағдарламасы бойынша 39 іс-шара өткізілді.
Лига 5 – 6, 7 – 8, 9 – 11 сыныптар арасында 4 кезеңде өткізіліп келеді. Лига жарыстары 9-11 сыныптар бойынша Астанада, 7-8 сыныптар Павлодарда, 5-6 сыныптар қалаларында Алматы облысында өтті. 2022-2023 оқу жылында жарыстың бірінші кезеңінде 2 303 858 оқушы (62%), екінші кезеңде 1 094 056 оқушы (29,5%), үшінші кезеңде 62 379 (1,7%) оқушы және төртінші кезеңде 10 спорт түрінен 5 522 оқушы (0,14 %) қатысты. Ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда оқушыларды қамту 16,24% - ға артты.
Ұлттық мектеп лигасының 9-11 сыныптар арасында жеңімпаздары - Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Ақтөбе облысы, 7-8 сыныптар арасында жеңімпаздары - Павлодар облысы, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, 5-6 сыныптар арасында жеңімпаздары - Түркістан облысы, Павлодар облысы, Жамбыл облысы. Айта кетейік, лиганың республикалық кезеңіне 5522 оқушы қатысты.
Сондай-ақ, Қазақстан оқушыларының XI қысқы гимназиадасында 700-ге жуық оқушы бақтарын сынап, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Батыс Қазақстан облыстары жеңіс тұғырынан көрінді.
Жыл көлемінде әртүрлі спорт түрлерінен өткен республикалық жарыстар мен турнирлер 3000-ға жуық оқушыны қамтыды.
Естеріңізде болса, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы жыл басында Америка Құрама Штаттарында өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиада, Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік жазғы универсиада ойындарына ел құрамасын бастап барды, Түркістанда өткен ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастырды.