Халықаралық этно-форумда ұлттық ойындар дәріптелді
- Қаралды: 285
2024 жылғы 11-12 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Оқу – тәрбие үрдісінде білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» халықаралық этнофорумы өткізілді.
Этнофорумға Түркия, Әзірбайжан, Якутия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақ Республикаларынан ұлттық құндылықтарды зерттеуші әрі насихаттаушы ғалымдар, мәдениет қызметкерлері, білім беру ұйымдарының дене шынықтыру және еңбек пәндерінің педагогтері, қолөнер шеберлері, кәсіби сәнгерлер шақыртылды.
«Оқу – тәрбие үрдісінде білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» халықаралық этнофорумы аясында Орталықтың тренер-лекторы, қазақтың ұлттық бестемше ойынын дамытушы, жоба авторы, ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы, «Тоғызқұмалақ Зияткерлік Қауымдастығы» РҚБ Вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты – Шотаев Мақсат Есенбекұлы мен «QAZINTELLECT» ЖШС басшысы Нысанбек Балжан Бақытқызы осы форумда «Бестемше» ойынын дәріптеді. Құндылықтарға негізделген білім беру жобасы аясында «Бестемше» ойынының балабақша жасындағы балалар арасында ойнатылуы баланы тек ойынға баулу емес, ұлттық мәдениетімізбен таныстырудың алғашқы қадамдары болып табылады. Аталған Ұлттық зияткерлік ойыны арқылы балалардың логикалық ойлау қабілеті, сараптама жасау, шешім қабылдау дағдылары қалыптасады, алғырлығы, зеректігі де арта түседі. «Бестемше» – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, тоғызқұмалақ ойынының ықшамдалған түрі.
Ұлттық құндылықтарды балалардың бойына ұлттық ойындар арқылы сіңіру қажеттігін алға тартатын асық ойынының жанашырлары – Рахметов Ескендiр Серiкұлы, Адилбаев Жасұлан Шыңғысұлы, Бекбосынова Балмира Ерланкызы асық ойындарын әр қырынан үйретіп, жаңа ережелерін таныстырып, келген қонақтарды ойынға шақырып, шебер сыныптар көрсетті.
Балабақшадағы бүлдіршіндердің ақыл-ойы мен дене қозғалысын қатар дамытуға бағытталған асық ату ойындарын түрлендіріп, «Бес кеней» ұлттық ойын жобасын көпшілікке ұсынды.