1999 жылы Калифорнияда болған оқиға желісімен түсірілген «Жаттықтырушы Картер» фильмі туралы жазғым келіп жүргелі біраз болды. Кинода жаттықтырушы Картер барлық бала НБА ойыншысы болмайтынын түсінеді. Сондықтан ол әр баланың алдында басқа да жолдар мен мүмкіндіктердің есігін ашуға тырысады. Бас кейіпкер оқушыларды тек баскетбол ойнауға, командада өзара әрекеттесуге үйретіп қана қоймайды. Ол жігіттерді ересек өмірге бейімдеуге баса көңіл бөледі. Бұл негізінен мұғалім мен оқушылар туралы, олардың күрделі қарым-қатынастары және Америкадағы білім беру мәселелері туралы нақты прототиптері бар деректі фильм. Мұнда кейбір аудандардың тұрғындары білімі болмағандықтан ғана екінші сортты адамдар болып саналуы мүмкін. Америка Құрама Штаттарында мектеп оқушысының оқу үлгерімі төмен болса, аттестатсыз қалуы мүмкін. Тұрмысы төмен аудандардың оқушылары үшін екі-ақ жол бар: аттестат алу және өмірлік мақсатқа ұмтылу немесе (көпшілік сияқты) оқу-білімсіз, қылмыспен айналысып, темір тордың артында өмір сүру. Негізінде, американдықтар үшін білім - табысты және бақытты өмірге апаратын жол, осы идеяны әрбір жасөспірімге жеткізу маңызды іс болып саналады.